Басты бетТәуелсіздік жаршысы

Тәуелсіздік жаршысы

Тәуелсіздік жаршысы

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылының 25 қазаны біздің еліміздің тарихындағы аса маңызды күн. 

Дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы»туралы декларацияны қабылдаған болатын.

Бұл, Кеңес одағында қалыптасқан мүшкіл жағдай әлі де шарықтау шегіне жете қоймаған, оның күйрейтіні неғайбыл кезең болатын. Мемлекет басшылары мен депутаттар, әр-түрлі деңгейдегі саясаткерлер, тіпті қалың бұқараның басым көпшілігі Кеңес Одағының тағдыры жөніндегі әрі-сәрі күйді бастан кешіріп жатқан. Соған қарамастан Совет одағының құрамындағы республикаларда егемендікке қарай белсенді қозғалыс басталып та кеткен болатын. 

Әрине елімізде алғаш рет қабылдаған тарихи маңызы орасан зор мұндай құжатты Жоғарғы Кеңес оп-оңай қабылдай салды десек қателескен болар едік.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі елімізде Қазақ КСР президенті лауазымыненгізгеннен кейін ақ, егемендік туралы декларацияның жобасын әзірлеу жұмыстары басталған болатын. Егемендік туралы декларацияның жобасын әзірлеу жұмыстары 5-6 айға созылды. Осы уақыт ішінде 4-5 жобаның нұсқасымен жұмыс жүргізіліп Жоғарғы Кеңестің тұрақты комитеттерінде жан жақты талқыланған болатын. Бұл әзірленген жобамен қатар «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы да балама жоба ұсынды. Жасалған ұсыныстар ұзақ уақыт талқыланып, талданып, 25 қазан күні декларацияның жобасы Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысының қарауына енгізілді. Бұл жобаны жалпы отырыста талқылау барысында да оның әрбір бабы қызу пікірталас тудырып, бір-біріне кереғар пікірлер ортаға салынды. Сол күні депутаттардың басым көпшілігінің дауысымен декларация қабылданды. Депутаттардың арасында қарсы дауыс бергендер мен қалыс қалғандар да болды.

Қарама-қайшылыққа толы аумалы-төкпелі кезеңде, мемлекет өмірінде қалыптасқан аса күделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайдамұндай құжаттың қабылдануы аса қажет болатын.

Құқық теориясы ғылымында декларация – мемлекеттің тағдырындағы айрықша оқиғаның маңызын айқындауға бағытталған саяси-заңдық, салтанатты сипаттағы нормативтік құқықтық акт ретінде тұжырымдалған. Декларацияның нормативтік құқықтық акт ретіндегі ерекшелігі – оның жалпылама сипатында және онда көзделген ережелердің заңдармен қосымша реттелуін талап ететіндігінде екенін атап өткен жөн.

Қазақстанның егемендігін алғаш жариялаған аса маңызды осы тарихи құжатта еліміздің саяси-құқықтық, экономикалық тәуелсіздігінің бағдарламасы нақты айқындалды деп толық сеніммен айтуға болады.

Тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың бастауында қабылданған бұл декларация заң болмағанымен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы конституциялық заңның одан кейінгі қабылданған 1993 және 1995 жылғы Конституциялардың, жалпы ұлттық заңнаманың берік іргетасын қалаған тарихи құжат.

Декларацияда қазақстан халқы егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. «Қазақстан халқы» ұғымына республикамызда өмір сүріп жатқан сан алуан этностың өкілдерінің бәрі жатқызылды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді, тілімізді қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде көрсетілді.

Көлемі жағынан шағын болғанымен, арқалаған жүгі ауыр, түпкі мазмұны маңызды бұл декларация бүгін де болашақта да біз үшін қасиетті бағдаршам болып қала бермек. Ел тәуелсіздігін көзіміздің қарашығындай сақтау, ұлттық құндылықтарды қастерлеу, жасампаз ел, бәсекеге қабілетті ұлт болу жолында бірлік пен келісімді сақтап, мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін жұдырықтай жұмыла еңбек ету – барлық қазақстандықтардың Отан алдындағы перзенттік парызы. 

1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясының қабылдануы тарихи тұрғыдан да, оған бүгінгі кезең биігінен баға беру тұрғысынан да аса маңызды оқиға екені анық. Бұл ұлылар аңсаған ұлы күн еді. Сондықтан да, бұл күн тарихи маңызға ие, тағылымы зор мереке.

Брашаңызды 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесімен құттықтаймын!

 

ҚР Президенттік орталығы

директорының орынбасары

Серік Сыдықов