
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын жасады. Президент қоғамды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Сол мәселелердің бірі - «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты. Онда адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екендігін және бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануда. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді деген ой айтылады.
Міне, бұл сөздерді өз кәсібіне берілген, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегін де бағалау деп білеміз.
Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, кез-келген елдің мәдениетінің ең бастысы – кітапхана. Кітапхана - ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Жолдаудағы «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»-деген жолдарды оқығанда қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығын таңдаған біздің де еңбегіміз лайықты бағасын алатынына сеніміміз арта түсті.
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
қызметінің басшысы
Жанар Раймбекқызы Дүйсенбиева