








Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіндер: тұжырымдамалық пайым және саяси-құқықтық баға беру» атты дөңгелек үстел өтті.
Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат бүгінгі күні қазақстандық ғалымдардың зерттеулері қазіргі заманғы азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру, тоталитарлық-авторитарлық саяси мәдениеттің қалдықтарынан толық құтылу контексінде кеңестік кезеңдегі билік пен қоғамның күрделі және драмалық өзара қарым-қатынасын тарихи қайта құруға бағытталғанын атап өтті. Тақырыптың өзектілігі қазіргі қазақстандық азаматтардың объективті тарихи санасын қалыптастыру мақсатымен байланысты. Ол өткен сабақтар заңдарда және жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатта көрініс тауып, әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың теориялық, ғылыми-әдістемелік құрамдас бөлігі болады деген үмітін білдірді.
Өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл сол жылдардағы қайғылы оқиғалардың бастапқы себептерін түсіну маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда жасанды түрде пайда болған ашаршылық бүкіл елдің азық-түлік жүйесін бақылауға ұмтылған Кеңес өкіметінің ішкі саясатының құралы болды. Дәстүрлі экономиканы модернизациялау мәселелеріне қалыпты ғылыми көзқарас қолданған жағдайда аштық пен демографиялық апатты болдырмауға болар еді. Экономиканы либерализациялау, еркін нарықтық қатынастар құру және салық құралдарын сауатты пайдалануға деген бүгінгі ұмтылысымыз ХХ ғасырдың 20-жылдарында да өзекті болды. Бүгін біз экономикалық заңдарды елемеудің неге әкелгенін көріп отырмыз. Тарих – басты мұғалім.
Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Әзербайжан ҰҒА корреспондент мүшесі Низами Джафаровтың айтуынша, ХХ ғасырда Қазақстан талай сынақтардан өтті. Бұл Голощекин саясатының салдарынан болған ашаршылық, нәтижесінде қазақ халқының үштен бір бөлігі қаза тапты, содан соң ел өз аумағында 5 миллионнан астам адам өткен 11 мекемесі бар атақты Гулагтың филиалына айналды. Қазақстанның өзінде 100 мыңға жуық азамат қуғын-сүргінге ұшырады, оның 20 мыңнан астамы атылды. Сонымен қатар, көптеген халықтар республикаға жер аударылды. Олардың қатарында Еділ немістері, Солтүстік Кавказ халықтары, Қиыр Шығыстағы корейлер, поляктар, күрдтер, Қырым татарлары, гректер бар. Олардың ішінде әзірбайжандар да болды. Біз әрдайым осы қайғылы оқиғалар мен тоталитаризмнің құрбандарын есте ұстауымыз керек және болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеуге тиіспіз.
Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова атап өткендей, өткен екі жылдың ішінде олар уәкілетті мемлекеттік органдардан өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты 700 мыңға жуық құжат алды. Олардың ішінде ақталған азаматтардың қылмыстық істері, ақталуға жатпайтын азаматтардың қылмыстық істері, неміс тұтқында болған және Отанына оралған азаматтардың трофей істері, арнайы қоныс аударушылардың жеке істері, сол жылдардағы құқық қорғау органдарының хат алмасулары және басқа да құжаттар бар.
Қырғыз тарих қоғамының президенті Тынчтықбек Чоротегин де өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше бұрынғы кеңестік республикалардың ортақ міндеті сол жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихының бұрын жабық болған тақырыптарын зерттеуді жалғастыру болып табылады. Мәселен, соғыс жылдарында фашистік Германияда тұтқынға алынған, еңбек армиясында жұмыс істеуге мәжбүрленген, кейін еліне оралғаннан соң Сталиндік режимнің қуғын-сүргініне ұшыраған бұрынғы кеңес азаматтарының тағдырына көбірек көңіл бөлу керек. Бұл адамдар да әділеттілікке лайық.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрметті төрағасы Салман Героевтің, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Нигинахон Шермухамедованың, Astana IT University профессоры Сәуле Мамытованың және Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің ғылыми қызметкері Бекжамал Жалғасованың баяндамалары тыңдалды.
Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша электронды материалдар жинағы әзірленіп, оны кейіннен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне әрі қарай жұмыс істеу үшін жолдау жоспарлануда.