
«ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең».
КР Президенті Қ.К. Тоқаев
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында бірін-бірі алмастырған қасіреттен жапа шеккен қазақ елінің тағдырына қатысты қаншама зерттеу еңбектері жазылса да, тарихтың осы бір кезеңіне қатысты ақтаңдақтары таусылар емес.
Қазақ халқы социализмнің небір қыспағы мен небір ақылға симас идеяларын ұлтқа тән кеңдігімен кешіре алар еді, бірақ тоталитарлық режимнің ел мен ұлтты жойып жіберуге шақ қалған екі қанды қылмысын ешқашанда ұмытпақ емес. Бұл 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндер еді.
Аштық кемінде 3 млн қазақтың өмірін жалмап кетті. Қаншама жұрт тентіреп, дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кете барды. 40-ыншы жылдардың басында елдегі байырғы ұлт өкілдерінің үлес салмағы 38 пайызға дейін құлдырады.
Кеңестік кеңістікте жаппай белең алған жеке басқа табынушылық 30-ыншы жылдардың екінші жартысында өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстандағы сталиндік репрессиялардың нәтижесінде ең алдымен шығармашыл зиялылары зардап шекті. Ә. Бөкейханов, Х. Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж. Аймауытов, М.Тынышпаев, А. Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Асфендияров, М.Төлепов, С.Меңдешев, С.Сәдуақасовтар алдымен биліктен ығыстырылып, артынша саяси қудалауға ұшыратылып, жазықсыз атылды.С.Сейфуллин, Б.Майлин, И.Жансүгіров, М. Дулатов, М.Жұмабаев, С.Қожанов бастаған қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары тоталитарлық режимнің қанды қармағына ілініп, НКВД-ның түрмелерінде қаншама азаптауларды бастан кешіріп, құрбан болды. Ғалымдардың айтуынша 101 мың қазақстандық лагерлерде «жазасын» өтесе, 27 мыңы атылған.
Қазақ елі тұралап барып, еңсесін енді көтере бергенде тағдырдың тағы бір сынына ұшырады. Бұл жолы бүкіл елді тұтасымен этнодепортациялау оты шарпыды.Ұлы Отан соғысы жылдарында жаппай депортацияға ұшыраған халықтар: неміс, қарашай, қалмақ, ингуш, шешен, балкар, қырым татарлары, финн-ингерманланд, кәріс, түрік-месхитиндер және т.б. қазақ жерінен пана тапты.Осы халық өкілдерін тұтасымен тек өздерінің тарихи отанынан ғана емес, сонымен бірге басқа аудандар мен қалалардан да, әскерден де қайтарып жер аударды. «Жазаланған халықтың» отанымен бірге, егер ол болған болса, ұлттық автономиясы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, мемлекеттілігі де жойылды.
Жаппай саяси қуғын-сүргін мен жер аудару барысында Қазақстан территориясында мәжбүрлі түрде қоныс аударған 1 миллионнан астам адам болды. Олардың бір бөлігі осы өлкеде қалып, кейбірі саяси жылымық орнаған соң тарихи отандарына көшті. Олар еліміздің түкпір түкпірінде өмір сүрді. Жат елге келіп, тек жандары ғана аман қалмай, сонымен бірге олар бұл елден отанын, достары мен жақындарын тапты. Олардың басым бөлігі Қазақстанның лагерлер жүйесінің елегінен өтіп, КАРЛАГ, СТЕПЛАГ, АЛЖИР, ЭкибастузЛАГ, ДжезказганЛАГ және т.б. лагерлерде отырды. Саяси жылымық жылдарында Қазақстанда қалған мұғалімдер, дәрігерлер, музыканттар, композиторлар, әртістер және т.б. республиканың дамуына барынша өз үлестерін қосты. Олардың көбі қаншама қайғы-қасірет пен ауыр тауқыметке қарамастан қазақтардың соңғы нанымен, үйінің бір бұрышымен бөліскендігінің арқасында аман қалды.
1930-1950-інші жылдардағы тарих қаншама адамның тәлкекке ұшыраған тағдырының қайғысына көмулі жатыр. Жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық, депортацияға қатысты оқиғалар тарих қойнауына тереңдеп сіңіп бара жатыр. Бұл мәселелер кеңестік саяси, идеологиялық конъюнктураның мүддесіне сай жарты ғасыр бойы дерлік көтерілмеді.
Бүгінгі таңда тоталитарлық режим жасаған қылмыстардың ауқымы мен сипаты туралы шынайы пікір қалыптастыру үшін сақталып қалған сол кезеңнің тарихи мәліметтерін егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеу аса маңызды. Осы орайда, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия белсенді жұмыстар атқарды.
Президент атап көрсеткендей, «Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.
Ақбота ХАМИТОВА
Мәдени және білім беру қызметінің
жетекші ғылыми қызметкері