



Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚР ПІБ Президенттік орталығында Астана қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушыларына «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебе және қару-жарақ» музей сабағы өткізілді.
«Қазақстан әлемдік қауымдастықта» музей залында өткен сабақта дәріскер жасөспірімдермен мемлекет тәуелсіздігі ұғымы туралы әңгіме өрбітіп, елімізде 2013 жылдан бастап аталып өтетін мемлекеттік мереке – Отан қорғаушылар күнінің тарихына тоқталды.
Сондай-ақ мектеп оқушылары қару сыйлау дәстүрі, оның тарихы мен ерекшеліктерімен танысты.
«Қару әрқашан биліктің символы болған, сондықтан олар басқарушыларға сыйлық ретінде жиі ұсынылды. Тарихқа көз жүгіртсек, суық қару сыйлау дәстүрі – ең көне де қастерлі салттардың бірі. Қазіргі қоғамда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қаруды сыйлау – сол адамға деген ерекше құрметтің белгісін білдіреді», – деді Президенттік орталығының аға сарапшысы Гүлсім Сәрсекеева.
Содан кейін жоғары сынып оқушылары экспозицияда ұсынылған қару-жарақ топтамаларын ұстап көрді.
«Бес қару» ұғымын аша білген дәріскер қазақ батырының бес қаруы және жалпы батырлар институты туралы тарқатып айтты.
«Батырлық әскери ұйымда жетекші рөл атқарған қазақтардың көшпелі қоғамындағы ерекше әскери-саяси институт болды. Бұл әскери өнер батырдың өміріндегі негізгі кәсібіне айналған. Сондықтан осы әлеуметтік топтың өкілдері бүкіл өмірін соғыста өткізгендіктен қартайғанша қарудан айырылмаған. Батырдың соғыста қаза болуы абырой саналған», – деп атап өтті ол.
Оқушыларды бастап келген №32 мектеп-гимназияның алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің (АӘДП) мұғалім-ұйымдастырушысы Қуаныш Жұмағатов музей сабағын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, сабақтың Отанға деген сүйіспеншілік пен туған халқының тарихын құрметтеуге деген патриоттық сезімнің дамуына ықпал еткенін атап өтті.