
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарих пәнінің міндеті – жас ұрпақты өткеніміздің жарқын жолын құрметтеуге және ата-бабаларымызды мақтан етуге тәрбиелеу. Отан тарихын білмей, патриот болу мүмкін емес. Сонымен бірге жастар бейбітшілік пен келісімнің әмбебап, баламасыз құндылық екенін де түсінуге тиіс», деп атап көрсеткендей, қазіргі жаһандану дәуірінде төл тарихын біліп, ұлттық құндылықтарын ұрпақ санасына сіңіре алған ел ғана мемлекет ретінде сақталып қала алатынына көз жеткізіп отырмыз. Қай ұлттың тарихы тереңнен зерттеліп, білім мен мәдениеті ертерек дамыса, сол басымдық танытып, өмір сүруін жалғастырады. Ұлттың ұлылығы мен мемлекеттің мызғымастығы үшін тарихи сананы қалыптастырудың маңызы зор.
Бүгінгі қоғамның ұстаздар алдында қойып отырған басты міндеті, артар жүгі – саналы тәрбиені сапалы білім берумен ұштастыру. Жан-жақты дамыған, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, өмірге араласа алатын, терең ойланып, ойын жүзеге асыра алатын тұлғаны қалыптастыру.
Бұл бағытта Президенттік орталықтың білім-ағартушылық қызметінде өскелең ұрпақтың бойында тарихи білімді қалыптастыру, мәдени мұрамызға құрметпен қарау және өз отанына деген сезімге тәрбиелеуге басымдық беріледі. Оның ішінде мектеп жасындағы оқушыларға арналған арнайы дәрістер кестесі, ашық пікірталас алаңы, музейлік сабақтар, семинар-треннингтер жұмысы жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Жүйеленген жұмыстардың қорытындысы ретінде еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық үздік ұстаздарды жинаған «Жоспарлау. Іздену. Талдау» деп аталатын маңызды педагогикалық идеялар шеберханасын атауға болады. Осы уақытқа дейін қала көлемінде өткізіліп келген шеберхана жұмысының өз аумағын кеңейте түскені ұстазадар тарапынан сұраныстың артқанымен байқалады.
Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институты, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары қатысып ой білдірді.
Шеберхана жұмысы аясында тарих ғылымының өзекті мәселелері, бүгінгі қоғамдағы құндылықтар және оның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы, музейдің білім кеңістігіндегі маңызы, бәсекеге қабілетті ұрпақты, жаңа сападағы ұлтты қалыптастыру үшін не істемек керек деген сұрақтар қарастырылып, мазмұнды тәжірибе алмасу болды деп сеніммен айтуға болады.
Оспанова А.А.,
ҚР ПІБ Президенттік орталығы
Мәдени және білім беру қызметінің
жетекші ғылыми қызметкері