





Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағындағы фотоаппараттар топтамасынан ұйымдастырылған «Объектив арқылы көзқарас»тақырыптық қор көрмесінің ашылуы өтті.
ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өзінің сөзінде фотоаппараттың өнертабысы ғылым мен техниканың даму тарихындағы адам ақыл-ойының жарқын жетістіктерінің бірі болып табылатынын, ал көрмеде ұсынылған бірегей заттар мен деректі материалдар келушілерді фотоиндустрияның пайда болу тарихымен, алғашқы фотоаппараттармен және олардың техникалық прогреспен бірге үздіксіз дамуымен таныстыратынын атап өтті.
«National Geographic Qazaqstan» журналының жауапты хатшысы Айбын Шағалақтың айтуынша, фотоаппарат қоғамда болып жатқан оқиғаларды суретке түсіре отырып, тарих беттеріне енгізеді. «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» дейтін болсақ, онда осы көрме арқылы біз фотосурет өнерінің құпиясына қол жеткізе аламыз.
Өз кезегінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мейірбек Тажкуранов Қазақстандағы алғашқы фотосурет 1841 жылы Жәңгір хан қазақ даласында алғашқы мектепті ашып, осы тарихи сәтті түсіру үшін Мәскеуден фотографты арнайы шақырған кезде түсірілгенін айтты.
Қазақстандағы фотосурет ісі алғаш қазақ фотографы Шәңгерей Бөкеевпен байланысты. 1901 жылы Санкт-Петербургте Бөкей Ордасының 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада император ІІ Николай Ш. Бөкеевке толықтай жабдықталған фотоаппаратты сыйға тартады. Еліне оралысымен ол туған ауылының тұрмыс-тіршілігі мен өмірін фотоға түсіре отырып, фотосурет ісін меңгеріп алды. Бүгінгі күнге дейін оның бірнеше суреті ғана жеткен, олар бүгін осы көрмеде ұсынылған. Жалпы алғанда, көрмеде Президенттік орталық қорынан, сондай-ақ музейаралық ынтымақтастық аясындаСолтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігінің қорынан 53 бірегей жәдігер ұсынылуда.
Әр камераның шығарылған күні және қызықты тарихы бар. Камералар өз өлшемдері, сериялары, жасалу технологиясы және техникалық сипаттамалары бойынша ерекшеленеді. Мысалы, алғашқы фотоаппараттар емен тәріздес ағаш сұрыптарынан жасалғандықтан, ауыр және зор көлемді болды. Келушілер назарына музейлікжинақтың аса бірегей және көне жәдігерлер тобы – «ФК», «ФКД» көлемді ағаш фотоаппараттар сериясы ұсынылған.
Көрме 2024 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.