ГлавнаяҰлы Абайдың ізімен: Президенттік орталық кітапханасындағы рухани қазына

Ұлы Абайдың ізімен: Президенттік орталық кітапханасындағы рухани қазына

Ұлы Абайдың ізімен: Президенттік орталық кітапханасындағы  рухани қазына

 

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды.

Биыл дана Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының кітапхана қорында сақталған Абайдың шығармалары мен ұлы тұлға жайлы жазылған әдебиеттерді  назарларыңызға ұсынамыз.

Жалпы, кітапхана қорында Абай Құнанбаевқа қатысты 150-ге жуық шығарма сақталған. Оның ішінде 50-ге жуық кітап — ұлы ойшылдың төл туындылары, ал қалғаны – ақын шығармаларының аудармалары, ғылыми-зерттеу еңбектері, естеліктер, әдеби талдаулар және Абайтануға қатысты материалдар. Бұл мол мұра — қазақ руханиятының қайнар көзіне айналып отыр.

Кітапхананың сирек басылымдар қорында Абай Құнанбаевтың 1952 жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында» жарық көрген. «Таңдамалы шығармалары» сақталған. Титул парағында танымал суретші Қожахмет Ходжиков салған Абайдың графикалық портреті бейнеленген. Басылым 432 беттен тұрады және иллюстрациялармен безендірілген. Кітаптың жарыққа шығуына Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Сырбай Мәуленов жауапты болған.

Кітап «Өлең – сөздің патшасы» атты Абайдың әйгілі өлеңімен ашылады. Сонымен бірге, таңдамалы шығармаларында ақынның лирикалық шығармалары, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларынан жасаған аудармалары мен «Масғұт», «Ескендір» және аяқталмаған «Әзім әңгімесі» поэмалары берілген. Соңғысы «Мың бір түн» ертегілеріндегі «Хасан Басри туралы хикая» негізінде жазылған.

Бұл басылым Абайдың көркемдік ойлау жүйесін, рухани ізденісін, әлемдік әдебиетпен үндестігін танытатын сирек әрі мазмұны терең еңбек. Мазмұндық байлығы мен полиграфиялық сапасы жағынан бұл кітап Абай мұрасын жинақтап ұсынған алғашқы тұғырлы басылымдардың бірі болып табылады.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» атты романы жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі болып табылады. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.

Аталған романның алғашқы кітабы «Абай» романы ретінде 1945 жылы Мәскеудегі «Советский писатель» баспасында жарық көрген. Ал 1949 жылы эпопеяның «Абай» романы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 1959 жылы «Абай жолы» эпопеясы Лениндік сыйлыққа ие болды.

Президенттік орталығының сирек басылымдар қорында Мұхтар Омарханұлының «Абай» романының екі томнан тұратын 1949 жылғы басылымының орыс тіліне аударылған нұсқасы сақталған. Басылымның жалпы көлемі — 836 бетті құрайды.

Кітапты қазақ тілінен орыс тіліне Анна Никольская мен Темірғали Нұртазин аударып, бас редакторы ретінде Леонид Соболев басқарған.

«Абай» романы — ұлы ақынның тағдырын суреттеумен қатар, XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының өмірін жан-жақты бейнелейтін терең тарихи шығарма. Романда қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мәдени-ағартушылық өмірі кеңінен сипатталған. Қазақ халқының фольклорына ерекше көңіл бөлінген. Бұл шығармаға этнографиялық, энтологиялық жағынан құнды мәліметтер береді.

Қазақ халқының рухани тірегі, ұлттық болмыстың символына айналған Абай Құнанбаевтың мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес қазына. Оның шығармалары тек әдеби емес, сонымен қатар тарихи, мәдени және философиялық мәні терең дүниелер болып табылады. Президенттік орталық кітапханасының қоры – осы мұраның байтақ көрінісі.

Абай шығармаларын түпнұсқада оқу, сирек қордан шыққан көне басылымдарды көру – рухани жаңғырудың нақты қадамы. Әсіресе, сирек кездесетін, тарихи маңызы зор басылымдармен танысу оқырманға ұлы ойшылдың шығармашылық жолына, сол дәуірдің рухына жақындауға мүмкіндік береді.

Сондықтан да біз барша оқырман қауымды, әсіресе жастарды, зерттеушілер мен әдебиет сүйер азаматтарды Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының кітапханасына шақырамыз. Мұнда сіздер Абайдың мол мұрасымен тереңірек танысып, ұлттың рухани тарихының бай қырларын ашуға жол таба аласыздар.

Абайды тану – өзіңді тану. Абайды оқу – ұлтты сүю.

 

Мадина Тайтөлеуова

Қазақстан Республикасының Президенттік Орталығының

кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы