ГлавнаяМузей құндылықтарын сақтаушы

Музей құндылықтарын сақтаушы

Музей құндылықтарын сақтаушы

Қай заманда болмасын адам бойындағы кәсібилік пен еңбекқорлық қасиеттері жоғары сұранысқа ие болған. Адамның қандай іспен айналысатыны маңызды емес, оның өз жұмысын қаншалықты адал, сапалы, ынта-жігерімен атқаратыны маңызды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысының бұл маңызды шешімі ел экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту үшін жұмысшылар еңбегінің маңыздылығын көрсетеді.

Мен, Әубәкірова Жадыра, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің жетекші сарапшысы – «музей құндылықтарын сақтаушымын». Кез келген мамандық сияқты, менің де мамандығым маңызды деп есептеймін, себебі ол мәдени мұраны мұқият және ұқыпты сақтап, кең көпшілікке, болашақ ұрпаққа табыстауға мүмкіндік береді.

Көптеген адамдар үшін «музей» сөзі – тыныштықпен, жартылай қараңғы жым-жырт залдармен байланысты және де көпшілік музей мамандарының жұмысы тым оңай және қарапайым деп ойлайды. Сақтаушы – бұл қарапайым қараушы емес – шындығында, бәрі мүлдем басқаша. Бұл өткен заман қазыналарының қорғаушысы ретінде, оларды зерттеп, олармен тамсануға жағдай жасайтын қамқоршы. Тіпті, мәдени дәстүрдің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, өткен мен болашақтың байланыстырушы сілтемесі.

Музейлік қызмет – кез-келген шығармашылық жұмыс сияқты шексіз алуан түрлі және жан-жақты. Міне, осы музейдегі әр заттың тарихы жайлы, ол қай жерде, қандай күйде сақталады, оның құндылығы, музейге түсу тарихы, оның бұрынғы иесі жайлы толыққанды ақпаратты білетін маманды – музей құндылықтарын сақтаушы деп атайды. «Құндылықтарды сақтаушы» деген сөздің өзі ертегілер мен ежелгі дәуірге тән көнерген сөз сияқты естіледі. Музей құндылықтарын сақтаушы музейде орналасқан барлық жәдігерлердің сақталуы мен есепке алынуына, мәліметтер базасында олар жайлы есеп жүргізіп, егжей-тегжейлі зерттеп, жүйелеуге, сақтау шарттарын – жарықтандыруды, температура мен ылғалдылықты бақылауға жауап беретін қызметкер.

Музейге келушілердің тамашалайтыны – шын мәнінде алып айсбергтің шыңы ғана. Музей экспозициялары мен экскурсияларының бүкіл жүйесі қор-сақтау жұмысының негізінде қалыптасады. Нағыз музей – дәл осы есепке алудан, музейлік заттар мен топтамаларды ғылыми зерттеуден, каталогтар мен ғылыми еңбектер шығарудан басталады. Егер музей қорлары дұрыс сақталмаса, сәйкесінше еш нәрсені зерттеп, меңгеріп, экспозиция мен көрмеге де шығара алмайсыз.

Мен өз жұмысымды шығармашылық қызмет деп атаймын, ол күрделі, қарқынды, қауырт, қиын болуы мүмкін, дегенмен ол әрқашан қызықты, жан-жақты және жасампаз дер едім.

Мен өз жұмысымды не үшін жақсы көретінімнің көптеген себептері бар, олардың бірі – бұл жерде зерігуге мүлдем уақыт жоқ! Сіз мұнда күн сайын жаңа нәрсені үйренесіз, үнемі жетіліп, дамып, жаңа дағдыларға ие боласыз. Музей жинағын толықтыру – бұл қор сақтаушының тағы бір маңызды міндеті. Музейлік жинақ жыл сайын ел Президентіне табысталған дипломатиялық сыйлықтар есебінен толығып отырады. Осы дипломатиялық тартуларды келушілерден, тіптен басқа музей қызметкерлерінен бірінші болып көретін, оған сипаттама беріп, тиісті топтамасын анықтайтын да қор сақтаушы.

Музей құндылықтарын сақтаушы мамандығы – адамнан үлкен ынта-жігерді, құштарлықты және өз ісіне адалдықты талап етеді, сондықтан музей ісінің келешегі уақыт сынына төтеп беруге дайын, мәдени өрлеуге ұмтылатындардың қолында.

Жұмысшы мамандықтар жылы көптеген процестерге жаңа тыныс береді. Мемлекеттік деңгейде еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеяларын ілгерілету керек деп айтылып, бұл бағыттағы жұмыс сәтті жүргізілуде деп есептеймін. Мамандықтардың әр алуандылығы біздің өмірімізді жақсартып, қоғамның дамуына ықпал етеді және адамдардың әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандырады.

 

Жадыра Әубәкірова

Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің жетекші сарапшысы